АСТАНА, 16 наурыз – Sputnik. ҚР парламенті мәжілісінің депутаты, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева баланың отбасының әлеуметтік мәртебесі туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Әкесі отбасымен бірге тұрмайды. Оның қайда екенін ешкім білмейді. Анасы да бірге тұрмайды. Баланың тәтесі мен әжесінде сенімхат бар. 2017 жылдың желтоқсанынан бері әжесі мен тәтесі баланың заңды өкілі деп саналады. Бүлдіршін ОҚО-да Сарығаш ауданындағы Абай ауылында жекеменшік пәтерде тұрады", — деген Балиева баланың үш айлық кезінен бері әжесімен тұратынын атап өтті.
Еске салып өтсек, үш-төрт күн бұрын отандық БАҚ бетінде "Абай ауылындағы мектептердің бірінде 7 жасар баланы жоғары сынып оқушылары бірнеше рет зорлаған" деген ақпарат тараған еді. Сарыағаш ауданына қарасты Абай ауылында бар-жоғы бірінші сыныпта оқитын оқушыны өзінен 7-8 жас үлкен 4 оқушы 5 ай бойы зорлап келген көрінеді. Жәбір көрдім деген бала бұл туралы туыстарына былтыр тамыз айында айтқан екен. Содан бері полицейлерге неше мәрте барғанымен тәртіп сақшылары шағымды тек қаңтар айында қабылдапты.
Алайда сот-медициналық сараптама қорытындысы бірінші сынып оқушысына сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық жасалғанын теріске шығарды.
Кеше ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы мектепте болған келеңсіз жағдайға байланысты жауапты тұлғаларға шара қолданды. Атап айтсақ, ҚР заңына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібековке қатаң ескерту берілді. Сондай-ақ, Сарыағаш аудандық жергілікті полиция қызметі басшысы О.Бердалы мен Сарыағаш ауданы, Абай ауылдық жергілікті полиция бөлімшесінің басшысы Ә.Ибрагимов, ювеналды полиция бөлімшесінің №73, №74 жалпы орта мектептеріне жауапты полиция инспекторы Қ.Сәриев қызметінен босатылды.