Өңірлер

Аягөзде су тасқыны салдарынан 130-дан астам адам баспанасыз қалды

Қоғамдық ұйым еліміздегі ауқатты тұлғалардың бірімен бірлесіп баспанасыз қалған адамдарға көмектеспек
Sputnik

АСТАНА, 15 наурыз — Sputnik. Қызыл жарты ай қоғамы хабарлағандай, Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында су тасқыны салдарынан 32 үй қирап, 100-ден аса үй зардап шекті.

Шығыс Қазақстанда көпірді су алып кетті

"Соңғы деректерге сүйенсек, 159 үй зардап шеккен, оның ішінде 32 үй толығымен қирап қалды, қайта жөндеуге келмейді. 130-дан астам адам баспанасыз қалып, №6 мектеп-интернатқа орналастырылды", — деп хабарлайды ұйым баспасөз қызметі.

Су тасқынынан зардап шеккен Аягөз қаласы тұрғындарына көмек ретінде қаражат салынған арнайы банк карточкалары үлестірілмек. 

"Төтенше жағдайдың ауқымын ескере отырып, көмек карталары механизмі пайдаланылады. Зардап шеккендерге арналған ForteBank карточкалары дайын, оған Болат Өтемұратов қорынан қаражат құйылады", — делінген Қызыл жарты ай қоғамының хабарламасында.

Карточкаларды тарату 16 наурызда басталмақ. Ең бірінші үйлері бұзылып қалған азаматтарға көмек көрсетіледі.