Өңірлер

Петропавлда Әскери институт курсанты кісі өлтіргені үшін сотталды

Сот үкімімен курсант айыпты деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды
Sputnik

АСТАНА, 15 наурыз — Sputnik. Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери сотта Петропавлдың Әскери институты курсантына қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ұлттық ұлан университеті курсант өлімінің мән-жайын айтып берді

ҚР Ұлттық ұланы Әскери институтының курсанты былтыр қыркүйек айында Петропавл қаласындағы институт аумағында түскі астан кейінгі бос уақыт кезінде өлтірілген. Оған пышақ салып жіберіпті. Жанжалға бір топтың курсанттары қатысқан, болашақ мамандықтары — "Командалық-тактикалық және тәрбие жұмысы". Лейтенант шенін алуға бір жарым жыл қалған екен.

Қаза тапқан курсант Ғалымжан Тұрсынның жасы 19-да болатын, ол Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласы қорғаныс істері бойынша бөлімнен шақырту алған. Ұлттық ұлан қатарына 2015 жылдың 3 тамызында қабылданған. Сотталушы Фархат Тілектесов – оның құрдасы. Ол да Оңтүстік Қазақстан облысынан. 

Қылмыстық істің материалдарына сүйенсек, 2017 жылы 7 қыркүйекте шамамен сағат 14:30-да Әскери институт аумағында орналасқан әжетхана тұсында курсант Тілектесов сержант Омар мен курсанттар Рәпиев және Рашпен бірге курсант Байғожинмен жанжалдасады. Олар сол күні екеу ара сөзге келіп қалған екен. Жоғарыда аталған азаматтарды тәртіпке шақыру үшін қастарына курсанттар Тұрсын, Жұмабай, Әукенов, Жолдыбаев барған.

Жантүршігерлік қылмыс жасаған жігіт бір жарым жылға ғана сотталды

"Даудың арты төбелеске ұласып, Тілектесов Тұрсынның кеуде тұсына екі рет пышақ сұққан. Жас жігіт көп ұзамай оқиға орнында жан тапсырды", — делінген үкімде. 

Бұдан бөлек, төбелес кезінде Тілектесов Омар, Рәпиев және Рашпен бірге Әукенов, Байғожин, Жұмабай және Жолдыбаевты соққыға жыққан, салдарынан жәбірленушілер жеңіл-желпі жарақат алыпты.

Сот Тілектесовті 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ал қалған курсанттар Омар, Рәпиев және Раш сәйкесінше 5 жыл алты айға, 4 жылға және 4 жыл 8 айға сотталды.

Үкім әлі заңды күшіне енбеген.