АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Ақтөбе облысында 88 білім ошағында мектептің киім үлгісін сақтамайтын 340 оқушы анықталды. Бұл туралы Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева айтты.
Мектептің киім үлгісін сақтамайтын оқушылардың ата-аналары білім ұйымдарының басшыларын сотқа берген. Ақтөбе қаласының соты Мұғалжар, Темір, Шалқар және Қобда аудандарының мектептеріне және Ақтөбе қаласының №№ 8, 13, 23, 36, 40, 48, 49, 60, 62 мектептеріне қатысты ата-аналардың талап-арызын қанағаттандырмады. Хромтау ауданы ата-аналарының талап-арызы сотта қаралуда.
Бұл мәселе Ақтөбе облысының Білім сапасын бақылау департаментінің бақылауында.
"Ақтөбе облысының білім сапасын бақылау департаменті ҚР Әкімшілік кодексінің 409-бабы 2-тармағы негізінде 18 ата-анаға 5 АЕК көлемінде айыппұл салды. Тағы да 4 әкімшілік іс қаралуда", — деді Ақтөбе облыстық білім сапасын бақылау департаменті басшының міндетін атқарушы Жанат Мұхамбеталина.