Қоғам

Оңтүстік Қазақстанда тағы бір үшем дүниеге келді

Бұл облыста биылғы жылдың басынан бері өмірге келген екінші үшем
Sputnik

АСТАНА, 13 наурыз — Sputnik. Шымкентте ортақ салмағы сегіз келі шамасында болатын үшем дүниеге келді, деп хабарлайды Sputnik Қазақтан. 

Бақытты ана Гүлжанат Пердебаеваның енді 5 баласы бар. Ұл мен қыздың анасы үшем болатынын төрт айлық кезінде білген екен. Жас ана үш ұл баланы наурыздың 5 күні ота жасап босанған. 35 аптада, айы-күні толмай туған сәбилердің бірінің салмағы 2400 грамм, бойы 45 см, екіншісінің салмағы 2600 грамм, бойы 46 см, үшіншісінің салмағы 2700 грамм, бойы 48 см екен. Бір аптадан аса уақыттың ішінде салмақ қосып, сәбилердің жағдайы жақсарды, дейді дәрігерлер.

Оңтүстік Қазақстанда үшем дүниеге келді

Үшемнің ата-анасы Мұхтар мен Гүлжанат Шардара ауданының тұрғындары, енді оларды бала көбейгендіктен, тұрғын үй мәселесі толғандыра бастаған. Олар мемлекеттің көмегіне үміт артып отыр.

Елубаевтар әулетінде дүниеге келген үш атұстарға ата-әжелері ырымдап Ерасыл, Нұрасыл, Жанасыл деген есім беріп отыр. Олар осыдан үш жыл бұрын атажұртқа Өзбекстаннан көшіп келген. 

Оңтүстік Қазақстанда үшем дүниеге келді

Жалпы, статистикалық мәліметке сүйенсек, соңғы 10 жылдың ішінде облыста жыл сайын 7-13 үшем дүние есігін ашады екен. Осы уақыт ішінде 81 үшем туған. Ал бір жылда дүниеге келетін егіздердің саны 800-ге жуық. Он жылда өмірге келген егіздердің саны 7 мыңнан асады. 

Тек соңғы мерекелік бес күннің өзінде облыс аумағында 700-ге жуық сәби дүниеге келген. Ал 2017 жылы облыста 76 353 сәби туды. Олардың жартысына жуығы Шымкент қаласында өмірге келген. Бала туу көрсеткіші бойынша алғашқы қатарда Түркістан қаласы, Сарыағаш, Мақтаарал және Сайрам аудандары тұр, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.