АСТАНА, 12 наурыз – Sputnik. Алматы тұрғыны Гүлжихан Мәуітова лак кетіретін сұйықтықпен саусағын күйдіріп алған. Бұл туралы жәбірленуші Sputnik Қазақстанға айтып берді.
Әйелдің айтуынша, лак кетіретін сұйықтықты 8 наурызда Саин және Райымбек көшелерінің қиылысындағы дүкеннен сатып алыпты. Бұрын осындай құралды пайдаланып жүрген екен.
Тырнағындағы лакты кетірмек болғанда, сұйықтық әйелдің саусақтарын ашыта бастайды.
"Ашыта бастағанда, сабындап жуып кетірмек болдым, бірақ түк шықпады. Таңертең саусақтарым күлдіреп кетіпті. Күйіп қалдым. Қазір терісі жарылып жатыр, май жағып жүрмін", — деді Гүлжихан Мәуітова.
Оның сөзіне сүйенсек, құралды сатып алған дүкенге барып, иесімен сөйлеспек болғанда, сатушы тауардың түгел сатылып кеткенін, ешкім шағым түсірмегенін айтыпты. Дүкен жұмысшыларының айтуынша, тауарды "көтерме" базардан сатып алған.
"Сыртында сұйықтықтың құрамында ацетон жоқ деп жазылған. Бірақ иісі ацетондыкі сияқты", — дейді әйел.