АСТАНА, 6 наурыз — Sputnik. Сирия мен Ирактан елге 125 азамат қайта оралып, олардың 57-сі сотталды. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін үкімет отырысында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның қорытындысы, сондай-ақ алдағы бес жылға арналған бағдарламаның жобасы талқыланды.
Оның айтуынша, елге оралған азаматтар радикалды көзқарас ұстанған. Ішінде 45 бала да бар екен.
"Олармен профилактика мен бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Экстремизм мен терроризмді насихаттау қарқыны қазақстандық қоғамда радикалдануға себепші болатындай жоғары деңгейде сақталуда. Сондықтан осы және басқа да факторлар терроризм мен діни экстремизмге қарсы мемлекеттік күрес жүйесін дамыту қажеттігін көрсетіп отыр", — деді комитет төрағасының орынбасары.
Жалпы, соңғы бес жылда діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бағдарламасы бойынша 98 миллиард теңге игерілген.
Бұл жұмыстар, оның айтуынша, 2018-2022 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламада жалғасын табады.