АСТАНА, 6 наурыз— Sputnik. Мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес карьерасында алғаш рет допинг-тестен өте алмады. Бұл туралы ақпаратты 27 жастағы спортшының мүддесін қорғайтын Golden Boy промоутерлік компаниясы таратты.
"Мексикалық боксшының допинг-сынамаларының бірінен тыйым салынған зат — кленбутерол табылды. Альварес карьерасында алғаш рет допинг-тестен өте алмады. Дегенмен 5 мамырдағы орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкинге қарсы жекпе-жек тоқтатылады деуге әлі ерте", — деп жазды BoxingScene.
Кленбутерол жануарларды тамақтандыру кезінде қолданылады, сондықтан ол адам ағзасына ет арқылы түсуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, 16 қыркүйек күні Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да өткен алғашқы жекпе-жек тең аяқталды. Реванш 5 мамырда өтеді деп жоспарланып отыр.