Экономика

Президент Астананы неше жылда газбен қамтитынын айтты

Қазір Қазақстанда халықтың 50 пайызға жуығы газбен қамтамасыз етілген
Sputnik

АСТАНА,  5 наурыз – Sputnik. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астананы бір жарым жылда газбен қамтуды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Елбасы: халықтың алдында басымды иіп, ризашылығымды білдіремін

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Елбасы ұсынған бес әлеуметтік бастаманың соңғы – "елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру".

"Елімізде газ өндіру Тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 миллиард текше метрге дейін артты, әрі қарай да өсе түседі. Қазір еліміздегі тұрғындардың 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілген. 9 облысқа газ тартылды, әсіресе батыс және оңтүстік аймақтарда. Дегенмен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Сондықтан мен Қараөзектен бастап (Қызылорда облысы) Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Астана бағытында магистральді газ құбырын салуымыз керек деп ойладым. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді", — деді президент.

Назарбаевтың айтуынша, бұл жоба әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  

"Біз батыстағы газды оңтүстік арқылы Шымкент пен Алматыға дейін алып келдік. Мүмкіншілік бар. Сондықтан бұл мәселені шешетін болсақ, Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуы 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азаяды", — деді мемлекет басшысы.

Елбасы 2022 жылға дейін жатақхана тапшылығын жоюды тапсырды

Президент облыстарды газбен қамту үшін үкіметке қосымша қаржы көздерін қарастыруды тапсырды.

"Мүмкін, осы жерге жеткен кезде, Павлодар, Петропавл, Көкшетау секілді басқа қалалар туралы да ойланатын боламыз. Ол үшін үкіметке қосымша қаражат тарту керек болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Біз күні-түні жұмыс істеп, есептедік, мамандар менің нұсқауым бойынша 10 рет қайта жасап шықты. Сіздер білесіздер, мен іске асуы мүмкін емес ештеңе ұсынбаймын", — деген президент бұл мәселені бір-бір жарым жыл ішінде шешу керектігін атап өтті.