АСТАНА, 5 наурыз – Sputnik. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов ауданда басшылық қызметтерде отырғандардың басым бөлігі қыз-келіншектер екенін айтты, деп хабарлайды "Тілші". Бұл туралы ол өз ауданында өткен Жастар форумы аясында облыс орталығынан келген облыстың бас идеологы Бұлбұл Елеусіноваға айтып ағынан жарылды.
"Сіз нәзік жанды болсаңыз да облыстың идеологиясына жауаптысыз. Біздің Мұғалжар ауданында гендерлік саясат орындалып отыр. Менің қарамағымдағы басшы қыздарды өзіңіз көріп отырсыз. Анау-мынау ер адамнан жақсы жұмыс істейді. Әрине, олармен мақтанамын. Қарамағымда басшылық қызметтегі 30 адамның 22-сі қыз-келіншек екен", — деген аудан әкімі облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Ораққызын аудандағы ер мінезді шенеунік қыздармен таныстырып өтті.
Дей тұра, Ербол Данағұлов қазақта жақсы бір сөз барын да айтуды ұмытпады.
"Қыз-келіншектер жақсы жұмыс істейді. Дегенмен, аталарымыздың "Алтын басты әйелден бақа басты еркек артық" дегенін де ұмытпауымыз керек. Сондықтан, басшылықта ер адамдардың жүргені дұрыс", — деді Ербол Жеткергенұлы.