Экономика

Назарбаев жаңа тұрғын үй бағдарламасын ұсынды

Астанада парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр
Sputnik

АСТАНА,  5 наурыз – Sputnik. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев барлық жұмыс істейтін қазақстандыққа баспана алуға мүмкіндік беретін "7-20-25" деп аталатын бағдарламасын іске қосуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Президент парламент пен үкіметті не үшін жинағанын айтты
"Біз әлеуметтік жаңғыру бойынша жаңа қадам жасауға дайынбыз. Осы орайда мен бес президенттік әлеуметтік бастаманы ұсынамын. Бірінші бастама – әр отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндіктері. Соңғы жылдары біз азаматтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту бағытында біраз іс тындырдық. Өткен жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл біз бұған дейін қол жеткізбеген рекордтық көрсеткіш. Алайда бұл жеткілікті емес. Әлі де көп отбасы баспанасыз жүр. Оны шешу үшін барлық жағдайды жасау керек", — деді ол.

Елбасы  тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін "7-20-25" бағдарламасын ұсынды. 

"Әр жұмыскер кредитке үй ала алатындай, кейін осы қарызды отбасының мүмкіндіктеріне қарай төлей алатындай арзан ресурсты ұсынатын тетіктер қажет. Сондықтан мен "7-20-25" деп аталатын бағдарламаны іске қосуды ұсынамын. Яғни Қазақстанның әр жұмыс істейтін азаматтың мына шарттармен теңгемен ипотекалық заем алуға мүмкіндігі болады: кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан жоғары болмайды. Егер банктер бүгінде алғашқы жарнаның 30, кейде 50 пайызын талап етсе, осы бағдарлама бойынша бастапқы жарна 20 пайыздан аспауы керек. Ай сайынғы төлемді азайту үшін кредит мерзімі 10-15 жыл емес, 25 жыл", — деді президент.