АСТАНА, 5 наурыз — Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған өзінің жаңа әлеуметтік бастамаларын жария ету үшін парламент палаталары мен үкіметтің бірлескен отырысын шақырғанын мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекет басшысы атап өткендей, "Қазақстан – біздің ортақ үйіміз" деген идея жаңа мағынамен толыға түсуге тиіс.
"Жаңа ұсыныстардың маңыздылығын ескеріп, мен әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын әрі қарай жақсарта түсуге бағытталған жаңа әлеуметтік бастамаларымды өздеріңізбен талқылау үшін бүгінгі парламент палаталары мен үкіметтің бірлескен отырысын шақырттым. Бірден айтайын: бүгін айтылатын ұсыныстың бәрі – есеп-қисабы мұқият жасалған бағдарлама. Бұл – елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар, оптимистік жоба. Мен өркендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын. Сол себепті, біз бүгін жаңа, ауқымды әлеуметтік жобаларға жол ашамыз", — деген президент бес әлеуметтік бастамасын жария етті.