АСТАНА, 4 наурыз — Sputnik. Украинаның орта салмақтағы (72,6 кг дейін) мықты боксшыларының бірі Сергей Деревянченко (12-0, 10 КО) Уайлдер−Ортис шоуының андеркарды аясында америкалық Дашон Джонсонды (22-23-7, 7 КО) жеңді, деп хабарлады sports.kz.
Жекпе-жекте нокаут немесе нокдаун болған жоқ, ауыр соққыларға төтеп бере алмаған америкалық 7-ші раундқа шығудан бас тартты.
"Мен Головкинмен, Альвареспен немесе тіпті Чарломен жұдырықтасуға дайынмын. Орта салмақтағы барлық үздікті жекпе-жекке шақырамын. Кім екені маңызды емес. Ең бастысы, жекпе-жекте чемпиондық титул тігілуі тиіс. Чемпион болу үшін аянып қалмаймын. Үздіктерге қарсы тұруға дайынмын. Титулдық жекпе-жекті күте-күте шаршадым", — деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың тамызында украиналық Багам Аралдарының боксшысы Туреано Джонсонды (20-2, 14 КО) мерзімінен бұрын жеңіп, IBF тұжырымы бойынша чемпиондық титулға міндетті үміткер мәртебесін иеленген болатын.