АСТАНА, 3 наурыз — Sputnik. Әлеуметтік желіде пайда болған видеода Атырау облысында полиция қызметкерлері "Ford Tranzit" микроавтобусының мемлекеттік нөмірін алып тастағалы жатыр, ал екі Өзбекстан азаматы бұған кедергі жасауда, біреуі оқиғаны видеоға түсіріп тұр, деп жазады ATPress.kz.
Атырау облысы ішкі істер департаменті баспасөз хатшысы Назымгүл Қайсағалиеваның хабарлауынша, бұл оқиға 1 наурызда Жылыой ауданында "Күлсары-Бейнеу" жолында болған.
Оның сөзіне сүйенсек, полиция жүргізушіні көлік жылдамдығын асырғандықтан тоқтатқан. Рөлде Өзбекстан азаматы отырыпты. Тінту барысында бес жолаушы тасымалдауға арналған микроавтобуста оннан астам адам отырғаны анықталды.
"Бұдан бөлек, көліктің артқы жағындағы есігі дәнекерленген, бұл ҚР әкімшілік кодексіне қайшы келеді", — деп түсіндірді Назымгүл Қайсағалиева.
Соған байланысты көлік жүргізушісіне хаттама толтырылған. Бірақ уақыт тығыздығын сылтауратқан шопыр полиция қызметкерінің жұмысына кедергі жасапты. Сондықтан полицей көліктің мемлекеттік нөмірін шешуге мәжбүр болған. Өзбекстан азаматтарына қатысты "құқық қорғау органы қызметкерінің заңға сай талабын орындамау" бабы бойынша хаттама толтырылып, іс сотқа жіберілді. Сот үкімімен жүргізуші 5 тәулікке, жолаушысы екі тәулікке қамауға алынған.