АСТАНА, 2 наурыз — Sputnik. Банкир Ержан Тәтішевтің өлімі бойынша сотта қылмыс себептерінің бірі айтылды, деп хабарлады "Астана" арнасы.
"ТұранӘлем" банкінің басқарма басшысын өлтірді деген айып Мұратхан Тоқмәдиге тағылып отыр. Сотта банктің қауіпсіздік қызметі басшысы болып істеген Николай Кузьменко жауап берді. Оның атйуынша, түрмеден шыққанан кейін бүкіл активінен айырылған Мұхтар Әблязов Ержан Тәтішевке ашулы болған көрінеді.
"Шыққан кезде, Тәтішев немесе банк оның үлесін қайтарады деп ойлады. Бірақ арты жанжалға ұласты: бірі уәде берді, екіншісі орындамады. Мұхтар есінен адасқандай болып көрінді маған. Сондай дарынды адам, гроссмейстер, шахматшы, ол іс-әрекетін 12-15 жыл бұрын есептейді. Енді келіп ойы іске аспай қалды. Оған ақшадан бұрын, жалпы процесс маңызды болды", — дейді Кузьменко.
Қазақстанның арнайы қызметі 2017 жылы 12 маусымда "ҚазШыныҚұрылыс" ЖШС бас директорының кеңесшісі Мұратхан Тоқмәдиді ұстады.
Бизнесмен ірі көлемде мүлік иемдену үшін бопсалаумен айналысты деп айыпталып, сот оны үш жылға бас бостандығынан айырды.
Кейінірек Мұратхан Тоқмәди "БТА банк" басқармасының бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевті өлтіргенін мойындады.