АСТАНА, 27 ақпан — Sputnik Америкалық мамандар Ержан Тәтішевтің қаруынан оқ "абайсызда атылуы мүмкін" дегенді жоққа шығарды. Айтуларынша, 12-ші калибрлі мылтықтың шүріппесі адам қолымен басылған. Бүгін Таразда белгілі кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиге қатысты жүріп жатқан сот процесінде мұхит асып келген мамандар осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды КТК.
Бұған дейін қаруға қатысты отандық мамандар 4 мәрте сараптама жүргізген. Бірақ нәтижелері қарама-қайшы болған. Яғни екі сарапшы Тәтішевтің мылтығынан оқ әдейі атылған десе, екеуі керісінше қорытынды шығарған. Сондықтан марқұм банкирдің жақындары бұл іске соңғы нүкте қою үшін америкалық мамандарға жүгінуге мәжбүр болыпты. Шетелдік сарапшылар өткен жылдың қыркүйек айында іске кірісіп, алты айдан соң қорытындыларын жария етті.
Айта кетейік, Таразда "Тұран Әлем Банкінің" бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты қылмыстық іс қаралуда. Айыпталушы орындығында шыны королі Мұратхан Тоқмәди отыр.