Қоғам

Лифт проблемасы. Астана әкімі жауапкершілікті күшейтуді ұсынды

Әсет Исекешев елорда халқының алдында есеп беріп жатыр
Sputnik

АСТАНА, 28 ақпан – Sputnik. Астанада лифтердің жиі бұзылуына байланысты ТКШ мәселелері бойынша заң жобасына өзгерістер енгізу ұсынылды. Қабылданған жағдайда тек лифті компаниялары ғана емес, ПИК басқару органдары да жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Исекешев Астананы көк түтіннен қалай арылтатынын айтты
"Өкінішке қарай, бізде тәжірибелі мамандары атымен жоқ компаниялар бар. Бірақ ПИК-пен уағдаласқаннан кейін тұрғындар олармен келісімшартқа отырған. Біз қазір лифтерге тиісті қызмет көрсетпеудің салдары адам өміріне қауіп төндіретінін көріп отырмыз. Сондықтан біз  ТКШ мәселелері бойынша заң жобасына өзгерістер енгізу туралы ұсыныс енгіздік. Қабылданып жатса, жергілікті атқарушы органдар тек лифті компанияларын ғана емес, шара қолданбағаны үшін ПИК басқару органдарын да жауапқа тартатын болады", — деді әкім халыққа есеп беру кездесуінде. 

Исекешев индустриалды парк аумағында лифт шығаратын өндіріс іске қосылатынын айтты.

"Жағдайды жақсарту мақсатында біз индустриялды парк аумағында лифті компанияларының қауымдастығымен инвесторлар тартамыз. Сервис орталығымен бірге өндіріс 2019 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бастапқы кезеңде 150 лифт шығару жоспарда бар", — деді қала басшысы. 

Қала әкімінің айтуынша, қазіргі таңда қалада тиімсіз ПИК саны 40 пайыздан асады. 

Былтыр Астана билігі 700-ден аса лифтінің жұмысын тексерген болатын. Заңды бұзғаны үшін 30 ПИК жетекшісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.