Қоғам

Министрге қарағандылық шенеуніктің кабинетіне ілінген портреті ұнамаған

Қарағандылық шенеуніктер әділет департаменті басшысының қабылдау бөлмесінің алдына әділет министрі Марат Бекетаевтың портретін іліп қойған
Sputnik

АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. ҚР әділет министрі Марат Бекетаев өз портретін кабинет есігінің жанына іліп қойған қарағандылық шенеуніктердің әрекетін құптамайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Әріптестерім портрет туралы маған айтты. Меніңше, ол дұрыс емес. Өйткені ол менің суретім ғой, қолдамаймын", — деді министр. 

Ақмола облысының әкімі үкімет отырысының "шырқын бұзды"
Бекетаев өз портретін іліп қою туралы департаменттерге тапсырма бермегенін мәлім етті. 

"Бұл менің бастамам емес. Ол басшыны танымаймын да. Интернетте тараған суреттерді көрдім, ұнаған жоқ", — деді ол. 

Шенеуніктерге қандай да бір шара қолданыла ма деген сауалға министр мырза "бастысы – жұмыс, бұған қадалып қалудың қажеті жоқ" деп қысқа қайырды.  

"Тәртіптік, этикалық мәселелерді шешу министрдің мәселесі емес. Бұған жауапты хатшы бар. Ол тиісті тапсырманы беріп қойды", — деп түйіндеді сөзін Бекетаев.

Естеріңізге салып өтсек, осыдан төрт-бес күн бұрын интернетте Қарағанды облысының әділет департаментінде ілініп тұрған министрдің портреті қызу талқыланған болатын. Суретті желіге журналистердің бірі жүктеп, фейсбуктегі парақшасында жазған.