Өңірлер

Астананың тергеу изоляторынан қашып кеткен күдікті ұсталды

Ер адам қашып кеткені үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Sputnik

АСТАНА, 27 ақпан — Sputnik. Астанадағы тергеу абақтысынан қашып кеткен күдікті Қарағанды облысында ұсталды, деп хабарлады ҚР ІІМ қылмыстық атқару жүйелері комитетінің баспасөз қызметі.     

Қаруланған полицейлер Астанадан шыққан көліктерді тексеріп жатыр
Ер адам 26 ақпан күні түн жарымында Қарағанды облысы Нұра ауданының Ахмет ауылында ұсталған.  

"Қарағанды облысы ІІД Нұра аудандық ішкі істер органдарының қызметкерлері қырағылық танытты. Олар іздеу шаралары кезінде "Жигули" көлігін тоқтатқан, тексеріс кезінде Арғымбаев жолаушы ретінде отырғаны анықталды", — деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Арғымбаев қарсылық көрсетпеген, ол бас бостандығынан айыру орнына қайта жеткізіледі.  

 36 жастағы Қарағанды облысы Нұра ауданы Киевка елді мекенінің тұрғыны 25 ақпан күні ғимараттың бір қабатты корпусына жапсарлас орналасқан серуендеу алаңынан қашып кеткен. Бұған дейін ол тонау және ұрлық жасағаны үшін сотталған.