Өңірлер

Ақтөбеде медбике емханаға келген науқас әйелге қол көтерген

Ақтөбедегі балалар емханасында медбике мен науқас арасында жанжал туындаған
Sputnik

АСТАНА, 22 ақпан — Sputnik. Ақтөбеде №2 балалар емханасының медбикесі науқас әйелге қол көтерді. Әйел адам оқиғаны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялапты.

ШҚО-да сары аурудың таралуына байланысты бас дәрігер қызметінен босатылды

Sputnik Қазақстан агенттігіне емхананың бас дәрігері Қайырбек Тоқтаров хабарлағандай, оқиға 19 ақпанда болған екен. Екі әйел бір-бірін бұрыннан біледі. Медбике науқасты баласымен үнемі кезексіз өткізіп жібереді екен, бірақ сол жолы бас тартыпты. Сөйтіп, медициналық қызметкер мен келуші сөзге келіп қалады. Науқас оқиғаны видеоға түсіре бастағанда, медбике оны ұрып жіберіпті. 

Бұл оқиға жұрттың наразылығын туғызды. Медициналық мекемеде осыған байланысты жиналыс өтіп, медбикенің іс-әрекеті қаралған. Қызметкердің айтуынша, науқас тіл тигізіп, жанжалды бірінші бастаған көрінеді.

"Біз науқастың жағына шықтық, өйткені қызметкерлеріміз міндетін орындауы тиіс, біз денсаулық сақтау саласында халыққа қызмет көрсетеміз, сондықтан қандай жағдай болмасын мұндай әрекетке бармауы тиіс еді", — деп пікір білдірді Тоқтаров  Sputnik Қазақстан агенттігіне.

Медбике мен бөлім меңгерушісіне қатаң сөгіс жарияланған.

"Сөгіс жарияладық, 14 жыл қызмет еткен мерзімінде бірде-бір рет тәртіп бұзбағандықтан, жұмыстан шығара алмаймыз. Бірақ сөгіс алды, яғни жарты жыл бойы қосымша ақылар мен сыйақы алмайды", — дейді бас дәрігер.