АСТАНА, 22 ақпан – Sputnik. Астана қаласының №3 перинаталдық орталығының мамандары вокалотерапия арқылы жүкті әйелдері босануға дайындап, толғағын жеңілдете бастады, деп хабарлайды Елорда инфо.
Мамандардың пайымынша, құрсақтағы нәресте 15 аптадан бастап анасы мен айналадағы дыбыстарды ести бастайды. Ал босану кезінде анасының дауысын дұрыс басқару баласының жеңіл босануына және босанудан кейінгі стресстен сақтауға септігін тигізеді, дейді дәрігерлер.
"Эмоциялық стрестен арылту үшін жүктілік кезінде әйелдермен жаттығу өткізіледі. Әрі босану кезіндегі толғағы қысатын белгілі бір кезеңде де өтеді. Яғни, ән айту кезінде тыныстау дұрысталады, ол толғақты жеңілдетеді", — деді вокалотерапия шеберлігін жүргізетін медицина ғылымдарының докторы Сабира Кульчимбаева.
Перинаталды психология маманы вокалотерапиямен дайындалған әйелдердің босануы мен эмоциялық жағдайы жақсы екенін дәлелдеген. Бұл әдісті қолданысқа енгізбес бұрын Аргентина, Италия және т.б. елдерге барып тәжірибе жинаған.
"Жүкті әйелдер орындайтын әндер тыныс алу түрлеріне қарай таңдалады. Бүгінгі күні халықаралық тәжірибеге сәйкес тыныс алудың 7 түрі бар. Ол 20 жылдан астам уақыт зерттелген. Соның негізінде босану кезінде ауырсынуды басудың бір жолы – Ламаз әдістемесі бойынша тыныс алу методикасы енгізілді", — деді Сабира Кульчимбаева.
"Әндер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде таңдалады. Әйел қай ұлттан екені әрі қай тілде айтқан ыңғайлы екені ескеріледі. Сондай-ақ ән айту кезінде түрлі музыкалық аспаппен сүйемелденеді, өйткені аспаптар адамның органдарына әсер етеді", — деді перинаталды психолог.
Бұдан бөлек, мамандар толғақты жеңілдететін басқа да әдістерді енгізіп жатыр. Атап айтқанда би арқылы босану тұрысын жаттықтыру. Бұл әдіс әйелдің көтеріңкі көңіл күймен босануына жәрдемдеседі.