АСТАНА, 21 ақпан — Sputnik. Астанада 2010 жылы түрмеден қашқан 21 тұтқынның жолына тосқауыл қоя білген жас сарбаз Ербол Отарбаев туралы түсірілген "Алтыншы бекет" кинокартинасы таныстырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"22 маусым күнін еске алу мен үшін оңай емес. Сол күні сотталған бір топ тұтқын мен тұрған алтыншы күзет орнына қарай шабуыл жасады. Түзеу мекемесіндегі жарық өшірілді. Менің күзету орныма қарай оқ ата бастады, мен оларға оқ жаудырдым. Үш тұтқын оқиға орнында көз жұмды, мен сол иығымнан жарақат алдым. Алты бойы аурухана төсегінде жаттым", — деді Отарбаев.
"Бойымда қорқыныш сезімі болғанын жасырмаймын, бірақ менде ойланатын сәт болған жоқ. Сотталған азаматтар түзелу үшін келеді. Ал олар қашып жатса, біздің елімізге, отбасымызға зиянын тигізеді. Менің де бар ойым сотталғандарды тоқтату болды. Мен мұны ерлік деп санамаймын. Ұлттық ұланның әр сарбазы мұны жасауға міндетті. Қазір аға лейтенант шенін тағып отырмын. Ұлттық ұлан сапында қызмет еткенімді мақтан тұтамын", — деді сарбаз.
Фильмде Ерболдың рөлін 19 жастағы актер Санұржан Сүлейменов сомдайды. Санұржан көпшілікке "Аңшы бала" картинасы арқылы танымал. Жас та болса талантты актер 20-30 шақты фильмге түсіп үлгерген. Бірақ "Алтыншы бекет" сарбаз рөлін сомдаған алғашқы кинотуындысы екен.
"Әскери рөлді бірінші рет сомдап тұрмын. Түсірілім алдында казармаға барып, сарбаздармен бірге тұрдым, жаттықтым, түрлі дене жаттығулары қалай болатынын өз көзіммен көрдім. Фильмнің арқасында Ербол Отарбаев секілді тамаша адаммен таныстым. Одан үйренгенім өте көп. Бұл жобаның маған бергені мол болды", — дейді жас актер.
Толықметражды көркем фильм ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысы бойынша "Хабар" агенттігінің серіктестігімен түсірілген.
Фильм 15 наурыздан бастап кинокартиналарды көрсетіле бастайды. Бұған қоса, "Хабар" телеарнасынан телехикая түрінде көрермендерге жол тартады.
Көркем фильмде, сондай-ақ елімізге танымал актерлар Жасұлан Өмірбек, Серік Салқынбаев, Ерболат Тоғызақов, Саят Исембаев, Қажымұқан Калимбетов, Жандос Жұмагұлов, Армат Смайылов, Бауыржан Балғабаев, Гүлнара Байбосынова және басқалары ойнады.