Қоғам

Министр: біздің қызметтердің синоптиктерге сілтей салатын әдеті бар

Өткен жылы ТЖ қызметтері тарапынан "Қазгидромет" жұмысына біраз сын айтылған еді
Sputnik

АСТАНА, 20 ақпан – Sputnik. ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев биыл "Қазгидромет" РМК ТЖ қызметтері мен жергілікті атқарушы органдарды толық ақпаратпен уақытында қамтамасыз ететінін мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Үкімет отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев энергетика министрінен "Қазгидромет" жұмысын сұрады. 

Синоптиктер ақпан айында ауа райы қандай болатынын айтты
"Қанат Алдабергенұлы, былтыр, әсіресе, жергілікті атқарушы органдар тарапынан "Қазгидромет" жұмысына қатысты көп сын айтылды. Кейін жабдық алу үшін қосымша ақша бөлінгенін баяндамаңызда айтып кеттіңіз. Биыл осындай мәселе туындамай ма? Жергілікті атқарушы органдар, ТЖ қызметтері қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіле ме?", — деді Сағынтаев.

"Болжау жүйесі өзгерді. Егер бұрын гидроликалық болжамды үш айға жасап қойсақ, 1 наурыздан бастап жеті күнге алдын ала болжам жасаймыз. Ықтималдық – 90 пайыз. Әр үш күн сайын болжам түзетіліп отырады. Яғни барлық мемлекеттік орган болып жатқан климаттық және тағы басқа өзгерістерден дер кезінде хабардар болады", — деп жауап берді Бозымбаев.

Министрдің айтуынша, болжау жүйесі ескі әдістерден бөлек, жаңа әдістерге көшкен. Мәселен, математикалық модельдер, радар көмегімен зерттеу және тағысын тағы. 

Қазгидромет: біреулер қыс қатты болады деп әсірелеп жүр
"Сондықтан, менің ойымша, ақпарат толық көлемде болады. Қазгидрометті жабдықтауға 25 жылда алғаш рет 1 млрд 800 млн теңге бөлініп отыр", — деді ведомство басшысы. 

"Яғни биыл бір нәрсе дұрыс болмай қалса, тиісті органдар толық ақпарат таратпады деп "Қазгидрометке" сілтеп, кінәні оларға арта салмайды ғой?", — деп нақтылады премьер.

"Бақытжан Әбдірұлы, біздің қызметтердің синоптиктерге сілтей салатын әдеті әрқашан бар. Сондықтан олар үшін жауап бере алмаймын. Бірақ "Қазгидромет" толық ақпарат беруге дайын екенін нық сеніммен айта аламын", — деп қадап айтты министр.