АСТАНА, 20 ақпан – Sputnik. ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев биыл "Қазгидромет" РМК ТЖ қызметтері мен жергілікті атқарушы органдарды толық ақпаратпен уақытында қамтамасыз ететінін мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев энергетика министрінен "Қазгидромет" жұмысын сұрады.
"Болжау жүйесі өзгерді. Егер бұрын гидроликалық болжамды үш айға жасап қойсақ, 1 наурыздан бастап жеті күнге алдын ала болжам жасаймыз. Ықтималдық – 90 пайыз. Әр үш күн сайын болжам түзетіліп отырады. Яғни барлық мемлекеттік орган болып жатқан климаттық және тағы басқа өзгерістерден дер кезінде хабардар болады", — деп жауап берді Бозымбаев.
Министрдің айтуынша, болжау жүйесі ескі әдістерден бөлек, жаңа әдістерге көшкен. Мәселен, математикалық модельдер, радар көмегімен зерттеу және тағысын тағы.
"Яғни биыл бір нәрсе дұрыс болмай қалса, тиісті органдар толық ақпарат таратпады деп "Қазгидрометке" сілтеп, кінәні оларға арта салмайды ғой?", — деп нақтылады премьер.
"Бақытжан Әбдірұлы, біздің қызметтердің синоптиктерге сілтей салатын әдеті әрқашан бар. Сондықтан олар үшін жауап бере алмаймын. Бірақ "Қазгидромет" толық ақпарат беруге дайын екенін нық сеніммен айта аламын", — деп қадап айтты министр.