Оқиға

Астаналық полицейлер автотұрақты қоршап алды

Қағаз салынған ескі екі сөмкенің кесірінен Астананың әкімшілік орталығындағы жаяу жүргіншілер жолын жабуға тура келді
Sputnik

АСТАНА, 19 ақпан — Sputnik. Иесіз жатқан екі әйелдер сөмкесі Астананың сол жағалауында жаяу жүргіншілерге арналған жолды жабуға себеп болды, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы София Қылышбекова. 

Оның айтуынша, сағат 13.50-де Қонаев және Мәңгілік Ел көшелерінің қиылысындағы көлік тұрағында екі әйелдер сөмкесі табылғаны туралы хабарлама түскен.  

"Күдікті ештеңе табылған жоқ, олар ішіне қағаз қоқыс салынған ескі сөмкелер болып шықты", —  деді София Қылышбекова телефон арқылы.

Аталған учаскеде жаяу жүргіншілер жолы сағат 14.24-те ашылды.