Қоғам

Қоғам қайраткері: қазақтың жері ешқашан сатылмауы керек

Астанада министрлік өкілдері, азаматтық белсенділер қоғамдық талқылау кезінде жер мәселесін талқылады
Sputnik

АСТАНА, 16 ақпан – Sputnik. Белгілі қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайдың пікірінше, жер мораторийден кейін ғана емес, оған дейін де, ешқашан сатылмауы керек. 

"Мен бұл заңнан ешқандай пайда да, зиян да көріп тұрған жоқпын. Өйткені бұл заң уақытша, мына мораторий туралы заң бар ғой, соны күшіне енгізу. Сонщықтан менің оған көңілім толмайды. Екіншіден, мораторийден кейін жер сатылмасын деген мәселе. Мораторийден кейін емес, оған дейін де, бүгін де, ешқашан сатылмауы керек. Шетелге де жалға берілмеуі керек", — деп қадап айтты Сәрсенбай. 

Қоғам қайраткері алпауыт Қытайдың Қазақстанға тигізіп отырған ықпалына алаңдаулы екенін айтты. Айтуынша, Қазақстан көрші державаның дегенімен жүретін бағытқа кетіп бара жатыр.

Сәрсенбай: қазақтың бірталай жері Қытайға өтіп кетті

"Дүниежүзіндегі жалы күдірейген Қытай секілді держава Қазақстан сияқты қуаты шамалы мемлекеттің айтқанымен жүрмейді. Керісінше, біз Қытайдың айтқанымен жүретін бағытқа кетіп бара жатқан сияқтымыз. Ләйім, мен жаңылайын, бірақ осындай қауіп бар. Балқашқа дейінгі аралық біздің жеріміз дегенді ашық дәріптейтін Қытай елі сынық сүйем жерін өзгеге бұйыртпайды. Әлжуаз көршіге қия салатындай өз жерін көпсініп жатса, Қазақстаннан миллион гектар жерді жалға сұрар ма еді?! Әрине, жоқ! Біз жерімізді жоғалтудың басы осы Қытаймен шекара бөлген кезден басталды деп есептеймін", — деді Сәрсенбай.

Оның айтуынша, бес жылға мораторий жарияланғанмен, халықтың жер сатылмасын деген талабы түбегейлі іске асқан жоқ. 

"Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктердің қолына түсуден 2021 жылға дейін сақтап қалуға мүмкіндік туды. Бірақ халықтың "жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін" деген талабы түбегейлі іске асқан жоқ. Бүгінгі қоғамдық талқылауда жер комиссиясының шешімдері бойынша дайындалған жер заңы туралы пікір білдіру мүлдем жеткіліксіз. Дүйім жұрттың бізден күтіп отырғаны ол ғана емес. Біз бүгінгі талқылауда президент жариялаған мораторий 5 жылдық мерзімге жете ме, жетпей ме, одан кейін жер тағдыры қандай заңмен шешіледі деген мәселені қозғауға тиіспіз", —деді қоғам қайраткері.