Қоғам

Бахмутова: азаматтарды емханаға тіркеу кезінде бұрмалаушылық фактілері болды

Бұрмалаушылық фактілері орын алмас үшін емханаға тіркеу қызметі жетілдірілуде
Sputnik

АСТАНА, 15 ақпан— Sputnik. "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарма төрайымы Елена Бахмутова азаматтарды емханаға тіркеу кезінде бұрмалаушылық фактілері анықталғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Емханаға қалай тіркелуді білесіз бе

"Бүгінде әр азамат тіркелу үшін қалаған емханасына немесе медициналық ұйымға өзі келуі тиіс. Мемлекеттік қызмет субъектілері медициналық ұйымдар болып табылады. Бірінші басшының бұйрығымен өкілетті тұлға бекітіледі, әдетте ол тіркеу бөлімінде отыратын маман. Ол азаматтардан өтініш қабылдайды. Кейін әр медициналық ұйым денсаулық сақтау министрлігі порталының жүйесіне кіріп, емханаға тіркелгісі келген азаматтың деректерін енгізеді. Өткен жылы 360 мыңға жуық азамат емханаға келіп, тіркелуге ниет білдіргенде, бұл белсенділік теріс жағын да көрсетті. Қазір бізде медициналық ұйымдардың бір-бірінің үстінен түсірген шағымдары бар. Яғни онда халықтың бір бөлігі арам пиғылмен немесе теріс жарнама, я да серіктестер туралы жағымсыз хабар тарату жолымен тіркелгені жөнінде айтылған, кейбір жағдайларда азаматтар мүлде өтініш жазбаған. Қазір біз әр деректі жеке-жеке қарап, мән-жайды тексеріп жатырмыз", — деді ол. 

Бахмутованың айтуынша, бүгінде аталған қор денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп емханаға онлайн тіркелу жүйесін жетілдіріп жатыр. 

"Емханаға қазір де онлайн тіркелуге болады. Былтыр 29 мың адам интернет көмегімен тіркелді. Десек те бұл өте аз, біз барынша халықтың басым бөлігін қамтығымыз келеді. Дәл осы себептен әр азамат халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш қалдыра алады, кейін ол медициналық ұйымдарға тапсырылады. Осыдан кейін ол азамат туралы мәліметтер денсаулық сақтау министрлігі порталындағы тіркелген халық тізіміне енгізіледі. Осы кезде бұрмалаушылық фактілері де болмайды. Мұны жүзеге асыру үшін бірнеше мемлекеттік орган үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Қазір қажетті техникалық мәселелер пысықталып жатыр, мемлекеттік қызмет көрсету регламентіне өзгеріс енгізу уақытты қажет етеді", — деді басқарма төрайымы.  

Бахмутова бұрмалау фактілері бірлі-жарым екенін айтты. 

"Бұрмалау фактілерінің аз-көптігін білу үшін әр азамат қай емханаға тіркелгенін білуі керек. Әзірге бірлі-жарым өтініш қана", — деді ол.