Қоғам

Білім және ғылым вице-министрі жалақысының қанша екенін айтты

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың жалақысы 600 мың теңгеге жуық
Sputnik

АСТАНА, 13 ақпан — Sputnik. Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова журналистерге жалақысы қанша екенін айтты. 

Sputnik Қазақстан тілшісінің сауалына жауап берген вице-министр мемлекеттік қызметте біраз жыл істегенін атап өтті. 

Елімізде ең жоғары жалақыны кімдер алады?
"Жалақы еңбек өтілі мен білім деңгейіне байланысты төленеді, яғни барлық орталық органдардың мемлекеттік қызметкерлері, департамент директоры, вице-министрлер бір жүйемен жүреді. Біз ешқандай қосымша ақы алмаймыз, менің айлығым 600 мың теңгеге жақын",- деді Асылова министрлік алқасының кеңейтілген отырысында. 

Сондай-ақ, вице-министрдің айтуынша, 1 қаңтардан 90 мыңға жуық мұғалім, ал 1 қыркүйектен бастап тағы 200 мың педагог 30 пайыз мөлшерінде үстеме ақы алады. 

Айта кетсек, 7 ақпанда мұғалімдердің жалақысын көтеру туралы қаулы шықты, осыған байланысты өңірлерде ұстаздардың еңбекақысы қайта есептеледі.