Оқиға

Астана әкімдігі 6 бүлдіршіннің ауруханаға түсуіне қатысты түсініктеме берді

Балалардың ауруханаға не себепті түскенін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды
Sputnik

АСТАНА, 8 ақпан — Sputnik. Астанадағы №36 "Балапан" балабақшасында болған жағдайды мамандар тексеріп жатыр. Бұл туралы Sputnik Қазақстан агенттігіне елорда әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы Эльвира Жүргенбаева мәлімдеді. 

"Жетінші ақпан күні ата-аналар балаларының тамақтан уланған болуы деген күдікпен шағымданды. Қазіргі таңда білім басқармасының арнайы комиссиясы құрылып, оқиға орнына аттанды", — деді Жүргенбаева. 

Сондай-ақ, қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің қызметкерлері шақырылды. Тексеріс барысында сынама алынып, тағам бөлімі тексерілді. 

"Әзірге себебі анықталған жоқ. Сараптама нәтижесі белгілі болғаннан кейін, тиісті шаралар қолға алынады", — деді баспасөз қызметінің жетекшісі. 

Қазіргі таңда ауруханада алты бала мен екі ересек – тәрбиеші және бала күтуші жатыр. 

Бұған дейін "Астана" телеарнасы № 36 балабақшаның тәрбиешісі мен он бала  аяқ астынан ауырып қалғанын хабарлаған болатын. Бес жасар бүлдіршіндердің жүрегі айнып, іші өте бастаған, қызуы көтерілген. Ата-аналар дәрігерлердің балаларға әр түрлі диагноз қойып жатқанын айтты.