Экономика

Цифрландырудың салдары: 600 ірі кәсіпорын қызметкерлер санын қысқартады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі цифрландыру кезінде қызметкерлер жұмыссыз қалмайтынын айтты
Sputnik

АСТАНА, 7 ақпан — Sputnik. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі цифрландыру процесі жүретін кәсіпорындардың қызметкерлерін басқа жұмыспен қамтиды. Бұл туралы бүгін ведомство басшысының орынбасары Нұржан Әлтаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Сағынтаев цифрландыру туралы: артта қалғанымызды көріп отырмыз
"Сіздер білесіздер, қазір елімізде экономиканы цифрландыру жүріп жатыр. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан процесс. Әрине, кәсіпорындар үшін, экономика үшін цифрландыру жақсы мүмкіндік, бірақ та бұл бір жағынан біз үшін – сын. Себебі цифрландыру кезінде жұмыс орындары қысқаратыны анық, жұмысшылардың бір саладан басқасына ауысуы үдерісі басталады. Біз биыл Қазақстанда цифрландыру процесі жүретін және бос жұмыс орындары босайтын 600 ірі компанияны белгіледік. Кәсіпорын басшылығымен жол картасын бекіттік", — деді Әлтаев. 

Вице-министр жол картасында жұмысынан босаған қызметкерлердің кейін қайда орналасатыны қадам-қадаммен көрсетілгенін атап өтті. 

"Роботтандыру, цифрландыру процесі қандай кәсіпорындарда жүргізілетінін бақылап отырамыз. Кейін ондағы адамдарды басқа жұмыс орныдарына жібереміз. Зерттеуден көріп отырғанымыздай, биыл пайда болатын бос орындар санымен салыстырғанда, жұмысшылар ағыны соншалықты үлкен емес. 700 мыңнан астам жұмыс орны болады деп болжап отырмыз. Қызметкерлерді де осы жұмыс орындарына бағыттаймыз", – деді ол.