АСТАНА, 7 ақпан — Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев "Абу-Даби Плаза" кешенінде шыққан дауға құқықтық сауатсыздық негіз болғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, адамдардың көп жағдайда еңбек шартын оқымай қол қоя салуы түрлі түсініспеушілікке әкеп соғады. Әлтаев жұмысшылардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет екенін, министрлік осы бағытта жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Әлтаев қазір "Абу-Даби Плазада" жұмыс көлемі азайып жатқанын айтты. Қазіргі таңда ресми түрде 62 адаммен еңбек шарты бұзылса, таяуда тағы 200 адам жұмыстан босатылады.
"Біздің еңбек инспекторлары құрылыс алаңына барып, төрт компанияның өкілдерімен әңгімелесті. Наразылыққа шыққан жұмысшылардың уақытша алынғаны белгілі болды. Екінші мәселе, еңбек инспекторлары жұмыссыз қалған азаматтармен сөйлесіп, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек түрлерін ұсынды. Бүгінде Астанада 4500 бос орын бар. Біз сол жұмыс орындарын жаңағы құрылысшыларға ұсындық. 4500 бос орынның 200-і құрылыс саласына қарасты. Бірақ, азаматтар біз ұсынған орындарға онша қызығушылық таныта қоймады. Олардың басты мәселесі өтемақы алу болып отыр", — деді вице-министр.
"Біздің инспекция заңның бұзылған-бұзылмағанын тексеріп жатыр. Зерттеу нәтижесі бүгін-ертең белгілі болады", — деді Әлтаев.
Вице-министр жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігі тек заң аясында ғана болмауы керектігін атап өтті.
"Жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігі тек заң аясында ғана болмауы керек, олар қол астындағыларына қолдау көрсетуі тиіс. Біз осы бағытта жұмыс жүргізуіміз керек. Мәселен, сол "Абу-Даби Плазаны" алайық, былай қарасақ бәрі заңды сияқты, бірақ ешкімге хабар берместен, есікті жауып, жұмыс орнына кіргізбей қоюға болмайды ғой?!", — деді ол.
Әлтаев құқықтық сауатсыздықты жою үшін әр апта сайын министрлікте салалық қауымдастықтар мен салалық кәсіподақтармен кездесу өтетінін айтты.