АСТАНА, 6 ақпан – Sputnik. ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова "Абу-Даби Плаза" кешенінде азаматтарды жаппай жұмыстан шығаруға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, қазір 4 компания туралы айтылып отыр, ал кешенде 11-ден астам компания жұмыс істейді. Жергілікті еңбек инспекциясының мәліметінше, 62 жұмысшы хабарландыру алған.
"Еңбек кодексінде нақты көрсетілген: кәсіпорынның экономикалық жағдайының нашарлауына байланысты азаматтар жаппай жұмыстан шығарылса, екі айлық жалақы қарастырылған. Егер біріншіден, бұл жұмыс көлемінің азаюйына және екіншіден, бұл туралы еңбек келісімшартын бекіткен кезде айтылса, онда бұл жұмыс көлемі орындалғаннан кейін жұмыстан шығару деп саналады және өтемақы ретінде бір айлық жалақы төленеді", — деді министр.
Астанадағы Абу Дабиді жергілікті жұмысшылармен қатар шетелдік құрылысшылар да салып жатыр. Бірақ, жаппай жұмыстан қуу туралы тосын бұйрық тек ел азаматтарына қатысты. Далада қалған жұмысшылар болса, құрылыс компаниялары тиісті өтемақыны төлегенше тыным таппаймыз деп отыр.
Дүйсенова еңбек инспекциясының жұмысы аяқталғаннан кейін, қосымша ақпарат хабарланатынын атап өтті.