АСТАНА, 4 ақпан — Sputnik. Астананың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы "Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Саналы Азамат" жобасы аясында 2018 жылдың соңына дейін "Жаңа туған әр нәрестеге бір ағаштан" атты экологиялық акцияны өткізеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Экологиялық акцияны ұйымдастырушылардың ақпаратына қарағанда, елордада туған нәрестелердің құрметіне отырғызылған көшеттер "Астана қаласының жасыл белдеуінің" аумағында орналасады.
"Экологиялық науқанға дайындық 2017 жылы басталды. Оның аясында құттықтау хаттарын, нөмірлері бар ағаштардың орналасу схемаларын әзірлеу, "Астана қаласының жасыл белдеуінің" аумағында 4-5 жыл бұрын отырғызылған биіктігі бір метрге жуық көшеттер бар учаскелерді анықтау сияқты қыруар жұмыс атқарылды.
Айта кетейік, "Жаңа туған әр нәрестеге бір ағаштан" акциясы басталғалы Астана қаласының №1, №2, №3 Перинаталды орталықтарында дүниеге келген сәбилердің ата-аналарына 1704 құттықтау хаты тапсырылды.