Қоғам

Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған баспана қашан арзандайды?

Қазақстандықтарды адам басына шаққанда 30 шаршы метр баспанамен қамтамасыз етуге кімнің жауапты екені белгілі болды
Sputnik

АСТАНА, 2 ақпан — Sputnik. Баспана арзандауы үшін Қазақстанның үкіметі 2019 жылдың ортасына дейін "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына өзгерістер енгізуі тиіс.

Депутат апатты үйлердің тұрғындарына "Нұрлы жер" аясында баспана беруді ұсынды

"2018 жылдың 10 қаңтарында шыққан "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Елбасының Қазақстан халқына жолдауын жүзеге асыру бойынша атқарылатын шаралар туралы" Қазақстан Республикасы президенті Жарлығының жобасы жарияланып, соған сәйкес үкіметтің қаулысы әзірленді.

Ресми құжат алты пункттен тұрады, оның ішінде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына назар аударылған.

"Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу, оның ішінде құрылыс пен ипотекалық несие беруді арзандату, 2030 жылға дейін баспанамен қамтылу көрсеткішін адам басына шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізу", — деп жазылған құжатта.

Бұған жауапты ретінде инвестиция және даму, ұлттық экономика, қаржы, энергетика және ауыл шаруашылығы министрліктері, сонымен бірге Ұлттық банк, облыс әкімдіктері, Астана мен Алматы әкімдіктері, "Бәйтерек" ҰБХ және "Атамекен" ҰКП аталды.

Қаулы мәтініне сүйенсек, тапсырма 2019 жылдың маусым айына дейін жүзеге асырылуы тиіс.