АСТАНА, 1 ақпан — Sputnik. Щучинск-Бурабай курорттық зонасын дамыту жобасы шетелдік және отандық инвесторларға таныстырылды.
Шетелдік инвесторлар үшін Щучинск-Бурабай курорттық зонасында 233 гектар жер бөлінген. Бұл аумақта спорттық және сауықтыру орталықтары мен ойын-сауық кешендері салынуы тиіс.
" Щучинск-Бурабай курорттық зонасын дамытудың үшінші кезеңі 220 жылға дейін созылып, 61 миллиард қаражат бөлуді талап етеді, ол соманың жартысы жеке инвестиция болмақ. Жоспардың басты мақсаты – курорттық зонаны Four Seasons концепциясы бойынша кеңейту", — деп хабарлады мәдениет және спорт министрі Арыстан Мұхамедиұлы.
Министрдің пікірінше, болашақта курорттық зона қазақстандық кинематограф саласында пайдаланылуы мүмкін.
Бұдан бөлек, презентацияда инвестициялық салымдарға өте тиімді аймақтар таныстырылды: этноауыл, "Қазақстандық Лапландия" нысанына жақын аумақ, Большое Чебачье және Текекөл көлдерінің жағалауы.