АСТАНА, 1 ақпан — Sputnik. ҚР энергетика министрлігі жиілеп кеткен қауесеттер, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі жалған ақпаратқа байланысты мәлімдеме жасады.
Ведомствоның баспасөз қызметінің ақпаратынша, елімізде халықты көмірмен қамтамасыз етуге қатысты жағдай тұрақты. Қазақстанның бірде-бір өңірінде қатты отынға тапшылық жоқ, ешқандай дүрлігу байқалмайды.
"Тұйықтардағы үлкен кезектер және жүк машиналарының көмірге таласып жатқаны түсірілген видеолар фейк және қазіргі кездегі жағдайға сәйкес келмейді. ҚР Энергетика министрлігі облыс әкімдіктерімен және "Қазақстан темір жолы" ҰК АҚ-мен бірлесіп өңірлерге көмірді жеткізуге тәулік сайынғы мониторинг жүргізуде, бұл мәселе тұрақты бақылауда", — делінген мәлімдемеде.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, былтыр елімізде 106,7 миллион тонна көмір өндірілді, бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 8,2 миллион тоннаға артық, экспортқа 29,3 миллион тонна көмір шығарылды. Қалған көмір ішкі қажеттілікке жұмсалды.
Осы орайда Қазақстанның энергия өндіруші ұйымдарына 56,3 миллион тонна, яғни 2016 жылмен салыстырғанда 7,1 миллион тоннаға артық көмір берілді. Жедел деректерге сәйкес, 30 қаңтарға дейінгі мерзімде өндірілген көмір көлемі 8,6 миллион тоннаны құрады.
Тұтынушыларға коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке 763,8 мың тонна көмір жіберілді, яғни алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 72%.
"Қазақстан темір жолы" АҚ мәліметінше, 2018 жылдың 30 қаңтарына дейінгі мерзімде темір жол көлігімен коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке және халыққа 457,2 мың тонна көмір жөнелтілді. Автокөлікпен 300 мың тонна көмір түсірілді.
2018 жылғы 30 қаңтардағы жағдай бойынша, ҚР Энергетика министрлігінің жедел мәліметтеріне сәйкес облыстардағы көмір қоры мен жеткізілуі:
Ақмола облысы – 85,9 мың тонна; Астана – 17,2 мың тонна; Ақтөбе облысы – 2,1 мың тонна; Алматы облысы – 77,4 мың тонна; Алматы қаласы – 6,8 мың тонна; Шығыс Қазақстан облысы – 114,7 мың тонна; Жамбыл облысы – 8,9 мың тонна; Қарағанды облысы – 53,0 мың тонна; Қостанай облысы – 24,3 мың тонна; Павлодар облысы – 9,8 мың тонна. Солтүстік Қазақстан облысы– 17,8 мың тонна; Оңтүстік Қазақстан облысы – 51,9 мың тонна; қалған өңірлер (Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары) – 11,4 мың тонна.
Естеріңізге салып өтсек, осыдан бір-екі күн бұрын интернетте жүк машиналары көмір үшін кезекке таласып, тіпті бір-бірін соғып жатқаны түсірілген видео тараған еді. Сондай-ақ, Алматы облысының тұрғындары өңірде қатты отын тапшы екенін айтып шағымданған болатын.