Қазақстанда "Союз-2" зымыранының бөлшектері қайда құлайтыны анықталды

Қазақстан мен Ресей зымыран бөлшектері құлайтын жаңа жерді таңдады
Sputnik

АСТАНА, 1 ақпан — Sputnik. Қостанай облысының жеріне "Союз-2" зымыраны бөлшектерінің құлауы жергілікті экологияға зиянын тигізбейді, деп мәлімдеді Қазақстанның қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов.

Ресейге зымыран бөлшектері құлайтын жер бөлу кейінге қалдырылды

"Бұл мәселе бойынша әлі күнге дейін мемлекеттік органдар өзара келісімге келіп жатыр. Бұдан бөлек, мен Жангелдин ауданына биыл көктем кезінде барып келгелі отырмын. Осы жылы зымыранды ұшыру жоспарда жоқ. Ал жалпы бөлшектердің құлауына бөлінген жер эллипс тәрізді, радиусы 22 және 44 километр", — деді Атамқұлов. 

Ол атап өткендей, экологиялық сараптама Қазақстанда да, Ресейде де жасалған.   

"Сонымен бірге, қоғамдық қауымдастықтарды жұмылдырып, олар экологиялық қауіпсіздікті тексерді. Әсіресе жануарлар әлеміне қалай әсер ететіні зерттелген. Бұдан келер экологиялық қауіп жоқ. Әлі шешім қабылданған жоқпыз, тек талқылап жатырмыз. Болашақта зымыран ұшыру туралы шешім қабылданады, үш жыл ішінде жеті рет ұшырылмақ", — дейді министр.

Қостанай облысы Жангелді ауданының жерін "Байқоңыр" ғарыш айлағынан  "Союз-2" зымырандарын ұшырған кезде бөлшектері құлайтын аумақ ретінде пайдалану жоспарланған.