АСТАНА, 1 ақпан — Sputnik. ҚР ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевқа екінші үкім шықты, деп хабарлайды Әскери соттың сайты.
Сот үкімі 26 қаңтар күні шыққан, бірақ бұл жайында бүгін ғана белгілі болды.
Іс материалдарында мемлекеттік құпияға жататын мәліметтер болуына байланысты сот талқылауы жабық сот отырысында өткізілді.
Жаза мерзімін 2017 жылдың 24 тамызында Ақмола гарнизонының әскери соты шығарған үкімдегі жазамен ішінара біріктіру жолымен 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Сондай-ақ сот үкімімен Дүтбаевтың заңсыз жолмен тапқан мүлігі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте істеу құқығынан өмір бойына айырылды.
Нартай Дүтбаевтың бауыры Рүстембек Дүтбаев та ҚР ҚК 176-бабы 3-тармағы "б" тармақшасы (1997 жылғы редакциядағы), 218-бабы 3-тармағы 3-тармақшасы бойынша айыпты деп танылды. Жазаны ішінара біріктіру жолымен мүлкі тәркіленумен және мемлекеттік қызметте істеу құқығынан өмір бойына айырумен 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.