АСТАНА, 31 қаңтар — Sputnik. Қарағандының 58-ші мектебінде білім алатын оқушыларға А гепатиті үйден әкелінген компоттан жұққан. Балалар жеміс сусынын жаңа жылдың алдында би кешінде ішіп, содан ауырған болып шықты. Бұл туралы өңірге сары аурудың өршуіне байланысты арнайы жұмыс сапармен келген бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
А гепатитін жұқтырғандардың саны бүгін 43 тен 51- ге жеткен. Оның 34 —і оқушы. Әсіресе, қаладағы 58-інші мектепте науқастар саны күн сайын артып жатыр. Жағдайды тұрақтандыру үшін облысқа 60 мың доза ресейлік вакцина сатылып алынбақшы.
Жандарбек Бекшиннің айтуынша, қазір Қарағанды облысында қоймада осы екпенің 7 мың дозасы сақтаулы. Сары ауруға қарсы екпе науқастармен тұрмыстық қарым-қатынаста болғандар мен ауру тіркелген мектептердің 9-10 сынып оқушыларына салынады. Екпе кабинеттері бар білім орындарында арнайы кезекші медициналық топтар құрылған. Олар вакцинаны өз мектептерінде жасайды. Бір ғана 58-ші мектепте 700 баланы егу жоспарланып отыр.