АСТАНА, 30 қаңтар — Sputnik. Бүгін мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы он күннен кейін басталатын қысқы Олимпиада ойындарына қандай спортшыларға үміт артатынын жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Спортшылар жеңістен дәмелі, жоғары нәтиже көрсетініне сенімдімін. Спортта не болатынын болжай алмайсың, ол сонымен де қызық. Егер бәрін алдын ала білетін болсақ, осыншалық қызығушылық тудырмас еді", — дейді министр үкімет отырысында.
Мұхамедиұлы Кореяда өтетін Олимпиада кімнен медаль күтетінін айтты.
"Бізде жақсы нәтиже көрсеткен бірқатар спортшы бар. Олар: Галышева, Полторанин, Рейхард, Денис Тен", — деді ведомство басшысы.
Журналистер министрден спортшыларымызға жанкүйер болу үшін Кореяға баратын-бармайтыны сұрады.
"Лауазымды тұлға ретінде Олимпиада ойындарының ашылуына қатысуға міндеттімін, бұл Халықаралық олимпиада комитетінің талабы. Бірақ мүмкіндікке қарай. Менен басқа қысқы ойындарға ұлттық олимпиада комитеті барады. Шенеуніктерден шамамен 5-6 адам баратын шығар", — деді ол.