АСТАНА, 30 қаңтар — Sputnik.Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев қысқы Олимпиадада бақ сынайтын спортшыларға жеңіс тіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін үкімет отырысында Оңтүстік Кореяда өтетін Олимпиада ойындарына дайындық барысы мәселесі қозғалды.
Қысқы Олимпиада ойындары 9 ақпанда Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында басталады. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, қазақстандық спорт делегациясы 9 спорт түрінен – биатлон, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, тау-шаңғы спорты, шаңғы жарысы, шана спорты, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл, могул бойынша қатысуды жоспарлап отыр.
Үкімет басшысы осы орайда әлемдік додада бақ сынайтын спортшыларымызға сәттілік тіледі.
"Ертерек айтып қойсақ (жеңеміз деп – ред. ескерт), көз тиіп, қалып қалармыз. Олимпиада ойындарының ашылуына бірнеше күн ғана қалды, бәріміз тағатсыздана күтеміз. Спортшыларымызға жеңіс тілейміз, медальдармен оралады деген үміттеміз", — деді премьер-министр.
Айта кетсек, Ұлттық олимпиада комитеті министрлікпен бірлесіп спортшылардың допингті қолдануға жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдаған.
Комитет бас хатшысы Әбілғазиннің айтуынша, Олимпиада командасының барлық кандидаты допинг тестінен өтті. Әр спортшыдан соңғы сынама қаңтар айының басында алынып, Дрезденнің допингке қарсы зертханасына жіберілген.