АСТАНА, 29 қаңтар — Sputnik. Бір-екі айдың ішінде еңбекке жарамсыздық парағын eGov.kz электронды үкіметінің сайты арқылы алу мүмкін болады, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
"Бірінші тоқсанның соңына қарай электронды үкімет порталы арқылы еңбекке уақытша жарамсыздық парағы мен туберкулез, психоневрологиялық, наркологиялық ұйымдарда есепте тұрғаны туралы анықтамаларды беру жүйесі іске қосылады", — деді Біртанов мәжілістегі үкімет сағатында.
Оның айтуынша, биылғы жылдың қаңтарында Ақмола, Қостанай, Батыс Қзақстан облыстарында денсаулық сақтау жүйесіндегі қағазбастылықтан бас тартуға мүмкіндік беретін жүйені енгізу басталды.
Ал ақпанда медициналық қызметтер туралы SMS-хабарлама сервисі іске қосылады. Бұдан бөлек жыл соңына дейін әкімдіктермен бірге денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық ақпараттық жүйемен қамту жоспарланып отыр.