АСТАНА, 20 желтоқсан — Sputnik. ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысында мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру мерзімін жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев электронды түрде көрсетілетін қызмет сапасын жетілдіру қажеттігін айтты.
Премьер электронды қызметтерді енгізу мерзімін жеделдетуді тапсырды.
"Слайдтарды қарап отырмын, біз 2020 жылға дейін жоспар құрып қойыппыз. Электронды, цирфлық әлем лезде өзгереді. Бұл жоспар екі-үш жылдан керексіз болып қалуы мүмкін, мүлде басқа технологиялар шығуы мүмкін. Мәселен, мүгедектікті анықтауды 2019 жылдың ортасында іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл нағыз өзекті мәселе, мұны қазір шешу керек. Аяқ-қолы жоқ мүгедек адам енді екі жыл күтуі керек пе? "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасын қабылдадық деп бүкіл әлемге жар салдық. Ал жарымжан жандарға көмек көрсетуді ең соңғы орынға ысырып қойып отырмыз. Дұрыс па осы? Менің ойымша, дұрыс емес. Сондықтан бұл мәселеге аса көңіл бөлу қажет", — деді Сағынтаев.