АСТАНА, 26 қаңтар — Sputnik. ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасының 2017 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияларын табыс етті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Гүлшара Әбдіқалықова мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасының 2017 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияларын табыс етті.
Мемлекеттік стипендия әдебиет пен өнер саласының 75 қайраткеріне берілді. Стипендияға Асанәлі Әшімов, Мырзатай Жолдасбеков, Сәбит Досанов, Бибігүл Төлегенова сияқты мэтрлар және тағы басқа тұлғалар ие болды.
Сондай-ақ Медет Шотабаев, Ирина Тен, Жамбыл Дүйсенов, Әділ Ахметов және басқа да жас дарындарға мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Рәсімді ашқан Гүлшара Әбдіқалықова жиынға қатысушыларды шын жүректен құттықтап, мемлекеттік стипендия олардың Қазақстан мәдениетін дамытуға қосқан елеулі үлесінің бағалануының көрінісі екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, Гүлшара Әбдіқалықова тәуелсіз Қазақстанның символы, оның басты жетістігі саналатын Астананың 20 жылдығы осы жылдың негізгі оқиғасы екенін айтты. Астана – президент идеясының іске асуы және бүкіл Қазақстан халқының ерен еңбегінің нәтижесі.
Мемлекеттік хатшы Елбасының халыққа арнаған "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты жолдауында алға қойылған міндеттердің іске асырылуына және еліміздің мәдениеті мен өнерінің одан әрі дамуына Қазақстанның шығармашыл зиялы қауым өкілдері алдағы уақытта да елеулі үлес қосады деген сенімін білдірді.