Өңірлер

Бердібек Сапарбаев ақтөбеліктердің жалақысын ең кемі 10 пайызға көтермек

Өңір басшысының айтуынша, республикадағы инфляцияның деңгейіне байланысты жалақыны өсіру керек
Sputnik

АСТАНА, 26 қаңтар — Sputnik. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңір тұрғындарының жалақысын ең кемі 10 пайызға көтеруге тапсырма берді. Айлықты көтермегендерге шара қолданылады, деп хабарлайды Aktobenews.kz. 

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов Ақтөбе өңірінің экономикалық дамуы жөнінде есеп берді. Ол жалақы мәселесіне де тоқталып өтті. Оның сөзінше, 2017 жылдың басында жұмыс берушілер ақтөбеліктерге 700 млн. теңге көлемінде қарыз болған. 

Бердібек Сапарбаев мемлекеттік кәсіпорынның қызмет ақысын 15 есеге өсіргеніне таңғалды

"Жалақы жөніндегі жұмыс тобының арқасында жылдың аяғында бұл қарызды 16 млн теңгеге дейін азайттық. Қазіргі таңда Мемлекеттік кіріс департаментімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Банкрот деп танылған кәсіпорындар қарызды қайтара алмай отыр. Сондай-ақ, жұмыс тобы 53 ірі және орта кәсіпорындармен жалақы мәселесі жөнінде келіссөздер жүргізді. Айлықты 7-20 пайызға өсіруге қол жеткіздік. Сонымен қатар, 2018 жылда да инфляция деңгейінен төмен болмайтындай етіп, жалақыны көтеруге жұмыс істейміз. Әсіресе, бұл жалақысы төмен және қиын жағдайда жұмыс істейтін тұрғындарға қатысты", — деді Қайрат Бекенов облыс әкімінің алдында.

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев республикадағы инфляцияның деңгейіне байланысты жалақының кемінде 10 пайызға жоғарылау керектігін айтты.

"Бұл Президенттің тапсырмасы. 15 пайызға көтерген мұнайшыларға рақмет. Республикадағы инфляция деңгейі — 7-8 пайыз, онда жалақы кемінде 10 пайызға жоғарылауы керек. Бұл шағын, орта, үлкен кәсіпорындарға, барлық салаға қатысты. 2018 жылы жалақы өсуі тиіс. Соны жұмысшы тобы қадағалап отыруы керек. Қай жерде жалақы өспеді, соған тиісті шара қолдануы қажет", — деп Бердібек Сапарбаев өзінің орынбасарына тапсырма берді.