Экономика

Абаев мемлекеттік-ақпараттық тапсырыстан неге бас тартуға болмайтынын түсіндірді

Мемлекеттік субсидияландырудан бас тарту қазақстандық медиа саланың дамуын тежейді, деп санайды министр
Sputnik

АСТАНА, 24 қаңтар — Sputnik. ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мемлекеттік-ақпараттық тапсырыстан неге түбегейлі бас тартуға болмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бүгінде мемлекеттік-ақпараттық тапсырысты сынайтындар жетерлік. Бұл тәжірибеден бас тарту туралы ұсыныстар айтылып жүр. Бірақ менің айтарым, әзірге мұны жасауға болмайды. Мемлекеттік субсидияландырудан толығымен бас тарту дамып жатқан қазақстандық медиа саланың болашағына балта шабады", — деді министр.

Абаев ақпараттық тапсырыстың оң тұстарын санамалады.

Министр атышулы "Қалаулым" бағдарламасына қатысты түсініктеме берді

"Біріншіден, ақпараттық тапсырыс аясында ақпарат саласындағы жаңа жобаларға қолдау көрсетіледі, отандық продакшн-индустрияға инвестиция құйылады. Бұл нарықтың дамуына оң әсерін тигізіп отыр – оның бәсекеге қабілеттілігі айтарлықтай артып келеді. Екіншіден, мемлекеттік субсидияландырудың арқасында біз біртіндеп шетелдік контентке тәуелділікті азайтып жатырмыз. Мен білемін, кейбірі мемлекеттік-ақпараттық тапсырысты тоқтату керек деп айтып жүр. Алайда мұның кесірінен шетелік контенттің үлесі одан сайын артуы мүмкін. Қазір барлық дерлік республикалық арнада шетелден сатып алынатын өнім саны қысқарды, олардың орнын отандық телехикаялар, телешоу, деректі фильидер мен басқалары басты. Үшіншіден,  ведомство мемллекеттік тапсырысты жекеменшік телеарналарда қазақ тіліндегі бағдарламаларды көбейтуге бағыттап отыр", — деді Абаев.

Төртіншіден, министрдің айтуынша, мемлекеттік инвестициялау коммерциялық БАҚ үшін тиімсіз жобаларды игеруге мүмкіндік береді. 

"Оның жарқын үлгісі ретінде тұрақты аудиториясы бар "Balapan", "Kazsport", "Ел арна" секілді арналарды айтуға болады. Сіздер білесіздер, жеке бизнеске "Balapan" сияқты арнаны құру қиынға соғады. Себебі бұған қыруар қаржы керек, ал қайтарымы көп емес", — дейді ол. 

Бесіншіден, мемлекеттік-ақпараттық тапсырыс БАҚ инфрақұрылымын дамытуға бағытталған, деп сендірді Абаев.

Министр Абаев "Отау ТВ-ның" жағдайы не болатынын айтты

"Мемлекеттік-ақпараттық тапсырыс аясында цифрлық хабар таратуды дамыту мен азаматтар үшін тегін каналдарды таратуға мақсатты қаражат қарастырылған. Ақпараттық технологиялар күннен-күнге дамып жатқан заманда біз салтымызды сақтап қалуға, эфирден көрсетілетін дүниелердің сапасын арттыруға баса назар аударымыз қажет. Халқымыз «елдік мұрат – ең биік мұрат» деген қанатты сөзді бекер айтпаған", — дейді министр.

Абаевтың сөзіне сүйенсек, өткен жылы әр түрлі жанрдағы 40 отандық сериал көрермен назарына ұсынылған.

"Сіздер жақсы білесіздер, қазір біз отандық сериалдарды дамытуға барынша қолдау білдіріп отырмыз. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен халқымыздың салт-дәстүрін, тарихы мен ерекше құндылықтарын насихаттайтын телеөнімдерге баса назар аударылады.мМәселен біз өткен жылы әртүрлі жанрдағы 40 сериалды көрермен назарына ұсындық. Отандық сериалдарды түсіруге тек мемлекеттік қана емес, коммерциялық арналар да тартылған болатын. Бұл сериалдардың бірнеше бағыты болды. Әрине, көрерменнің көзқарасы әртүрлі, сондықтан сериалдардың рейтингі де бірден артып кетуі мүмкін емес. Ең бастысы, осы жұмыстар шығармашылық топтардың кәсіби деңгейінің өсуіне ықпал етеді деп сенеміз. Көрермендердің, зиялы ортаның пікірлерін естіп жүрміз, экранды шет елдің сериалдары жаулап алды деп жатқандары бар. Сондықтан біз алдымызға ұтымды стратегиялық мақсат қойдық. Бұл мақсатымыз – сапалы отандық телефильмдер санын арттыру, көрермен талғамына сай жақсы сериалдар түсіру. Сондықтан да алдағы уақытта бұл жұмысты жалғастыра бермекпіз", — деп түйіндеді министр.