АСТАНА, 24 қаңтар — Sputnik. Ер адам көшеде ерлі-зайыптыға тиісіп, өзге ұлтқа тұрмысқа шыққан әйелге ұрсып тастады.
Ер адам көшеде әңгімелесіп тұрған әйелі мен күйеуін рұқсатсыз телефонға түсіріп, кейін видеоны желіде жариялады.
Видеода ол шетелдікпен қыдырып жүрген қазақ қызына дүрсе қоя беріп, "Ұят емес пе? Қазақ жігіті жетпеді ме?" деп оны жазғырады.
Ерлі-зайыпты ер адамнан видеоға түсіруді доғарып, өмірлеріне араласпауды сұрайды. Бірақ олардың өтінішіне видео авторы мән бермейді.
"Бұл менің күйеуім. Сіздің не шаруаңыз бар? Бұл менің өмірім ғой", — дейді әйел.
Жәнібек Иманмәзір есімді желі қолданушысы түсірген видеосын парақшасына салған.
"Жігіттер, ай қарап отыра берсек шетелдіктер қыздарымызды алып-алып бітіріп тастайды. Ертең қыз бітсе кімге үйленесіңдер? Шетелге тиіп, қайта ажырасқан қыздар өте көп. Солар жатырына шетелдіктердің сасық ұрығын толтырып кері қайтып келіп жатыр. Сол қан бұзғыш сатқын қызды аласыздар ма?", — деп жазған ол.
Бұл видеоға қатысты мәжілістің бұрынғы депутаты және қоғам белсендісі Бақыт Сыздықова пікір білдірген. Оның айтуынша, видео авторын әкімшілік жауапкершілікке тарту керек.