Қоғам

Қазақстанда ұшу қауіпсіздігін бақылайтын жаңа ұлттық компания құрылады

Жаңа ұлттық компания министрлікке есеп береді
Sputnik

АСТАНА, 23 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда ұшу қауіпсіздігін бақылайтын жаңа ұлттық компания құрылады. Бұл туралы бүгін инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

"Біз британиялық моделді енгізу бойынша жоспар әзірледік. Ол қолданыстағы заңнамаға ұшу қауіпсіздігі саласындағы бақылау-қадағалау функцияларын ұлттық компания түріндегі жаңа құрылымға тапсыру бойынша өзгерістер енгізуді көздейді. Жаңа компания министрлікке есеп береді", — деді Қасымбек үкімет отырысында. 

Министрдің айтуынша, ұлттық компанияға азаматтық авиация комитетінде істейтін қызметкерлердің үштен екісі, атап айтсақ инспекторлар ауысады. Ал мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен халықаралық қатынастар бойынша функциялар министрліктің құзыретінде қалады.

Air Astana: Қазақстанда авиа отын бағасы өсіп жатыр

"Бүгінде ұшқыштарды, ұшақтардың сапасын жіті тексеру үшін біз комитетке тиісті мамандарды шақыра алмаймыз. Себебі олар компанияда 4-5 есе жоғары жалақы алады. Яғни, біз маман тарту үшін оған жағдай жасауымыз керек. Бұл тек ұлттық компания немесе АҚ түрінде ғана іске асады. Бұл үшін мемлекеттік функциялардың бір бөлігін компания деңгейіне беру керек. Яғни бұл тұста халықаралық талаптарға сай келетін мамандарды тарту мәселесі сөз болып отыр", — деп түсіндірді министр. 

Министр британиялық модель әлемдегі ең қауіпсіз үлгілердің бірі екенін атап өтті.