АСТАНА, 22 қаңтар — Sputnik. Өзбекстандықтар Ақтөбе облысында автобустағы өрттен қаза болғандардың отбасыларына 60 миллион сумнан астам (2,4 миллион теңгеге жуық) қаржы жинады.
Қайырымдылық акциясы аспаз Бахриддин Чустий мен заңгер Хушнудбек Худайбердыевтің бастамасымен қолға алынды.
"Бір күннің ішінде 60 миллион сумнан астам қаржы жиналды", — деп жазды желіге Хушнудбек Худайбердыев.
Ол қаза болған өзбекстандықтардың отбасылары көмекке зәру екенін атап өтті. Қайырымдылық акциясын ұйымдастырушылар әр отбасыға 10 миллион сумнан (400 мың теңге шамасында) беруді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қаза болған 52 адамның отбасына бір реттік жәрдемақы беруге уәде етті.
Еске сала кетейік, 18 қаңтар күні сағат 10.30 кезінде Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Қалыбай ауылынан он шақырым жерде жолаушылар автобусы өртеніп кетті. Автобуста 57 адам болған. Оқиға орнында 52 адам – Өзбекстан азаматтары қаза тапты.