Қоғам

Депутат "Біз тоқалдан тудық па?!" деген соғыс ардагерлерінің ренішін жеткізді

Депутат соғыс ардагерлеріне төленетін бір реттік көмекке қатысты әділдік орнатуды сұрады
Sputnik

АСТАНА, 22 қаңтар — Sputnik. Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман тоғызыншы мамыр мерекесіне орай соғыс ардагерлеріне жергілікті бюджеттен бөлінетін бір реттік көмекті ретке келтіруді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Елімізде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары мүлдем сиреп қалғандығы белгілі. Біз күні кеше өңірлерде болған кезде олардың тарапынан айтылған бір ренішті естіп келдік. Ол тоғызыншы мамыр Жеңіс күніне орай жергілікті бюджеттен төленетін бір реттік материалдық көмекке қатысты. Өйткені оның мөлшері әр өңірде әр түрлі. Бір жерде аз, бір жерде бірнеше есе көп. Осыған орай бізге "Бай өңірдің майдангерлері бәйбішеден, кедей өңірлердің майдангерлері тоқалдан туған ба?!" деген орынды сұрақ қойылды. Осы мәселені қаралып отырған заң жобасының аясында бір жүйеге келтіріп, әділдік орнатуға бола ма?", — деп сұрады депутат әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі бұл мәселенің жергілікті атқарушы органның құзыретінде екенін айтты.

Жақыпова: мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек ұсынылатын болады

"Заң бойынша мерекелік даталарға орай берілетін әлеуметтік көмек жергілікті атқарушы органдардың құзырында және жергілікті бюджет есебінен төленеді. Өңірлердің мүмкіндігі әр түрлі. Біздің министрлік тоғызыншы мамыр қарсаңында әкімдіктермен осы жұмысты жүргізіп келеді. Өткен жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, өңірлерде ардагерлерге төленетін көмек сомасын бірдей етуге тырыстық", — деп жауап берді министрліктің департамент директоры Арман Өмірбаев. 

Өз кезегінде депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов бұл мәселенің өткен жылы шешілгенін жеткізді. 

"Өткен жылы президент әкімшілігі барлық өңірге тапсырма берді. Бұл мәселе реттелді, шешілді.  Барлық жерде көмек сомасы бірдей болады", — деді ол.